Дзюдодан әлем чемпионатының, Азия ойындарының, Азия біріншілігінің және Grand Slam турнирлерінің бірнеше дүркін жүлдегері Абиба Абужақынова спорт журналисі Ақырыс Сейітқазыға берген сұхбатында Елдос Сметовты қазақ спорты тарихында, қазақ спортшылары үшін маңызды рөлі туралы айтты. Ол Сметовтың дзюдошыларға ерік-жігер бере алатын қасиетімен бөлісті.
«Елдос жарыс алдында маған қателіктерімді көрсетіп, көп нәрсе үйретіп, қолдау көрсетеді. Ондай спортшылардың спортты тастап кетпей, қасымызда қолдау көрсетіп жүргені өте маңызды, бізге ол қажет. Дзюдошылар бір отбасы сияқтымыз. Елдос Сметовты «Аңыз адам» деп айта аламын. Өзін дәлелдеп тастаған спортшы. Қанша жылдан қасында күресіп жүрмін, ресми жарыстарда қателіктер жібермейтін спортшы. Ол маған: “Олимпиадада алтын алуым керек, және мен ол алтынды аламын” деп айтқан болатын. Оның қайсар, қайтпас мінезін өз бойыма сіңіріп келемін. Ол психологиялық тұрғыдан өте мықты. Нәтижесінде Олимпиадада алтын алып, өз сөзінде тұрды», – деді Абиба.