
Еркін күрестен Азия чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері Расул Қалиев Алматыда өткен күрес кешіндегі Ризабек Айтмұханның өнеріне баға берді, деп жазады Sportbugin.kz.
Қалиевтің айтуынша, маусым қызған шақта біз нағыз бабындағы Ризабекті көреміз.
«Әрине, екеуінің дайындығын салыстыруға келмейді. Шыны керек, мен Ризабекке сендім. Әлем чемпионы атанған. Ол тегіннен тегін емес. Ол баланың ішінде бірдеңе бар. Снайдер қол-аяғы ұзын, епті балалармен күресе алмайтынын байқадым. Ризабек осы белдесуден еш ұтылған жоқ. Төреші қолын көтермесе де, тәжірибе жағынан алары көп болды. Мысалы, Снайдермен бір күресіп алды. Ендігіде не істеу керегін, қалай дайындалу керегін біледі.
Алдағы уақытта жақсы нәтиже көрсету үшін жаттығудан бөлек, осындай белдесулер өткізудің маңызы зор. Өз қателігін байқды. 97 келіге де бейімделіп қалды.
Бұл аралық маусым ғой. Көп жарыс жоқ. Қазақстан чемпионатына әлі ерте. Ризабек қазір бір сарынды жүмыспен келе жатыр. Екі айдан кейін қызу жұмыс басталады. Сол кезде бүкіл күшін салып дайындалады. Әлі бабына толық енген жоқ.Мен көрген Ризабек сондай. Енді бір-екі жаттығу жиынын өткізген соң, біз мүлдем басқа Ризабекті көреміз», — дейді Расул Қалиев.
Айта кетелік, Ризабек Айтмұхан Алматыда өткен PWL кешінде Олимпиада және әлем чемпионы Кайл Снайдерден ұтылды.
Фото: Аян Несіпбеков