
Бокстан әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов өзінің отбасылық өмірі жайлы айтты. Спортшының айтуынша, әкесі 2019 жылы өмірден өткен. Бұл туралы журналист Ақырыс Сейтқазының YouTube арнасына сілтеме жасаған Sportbugin.kz хабарлайды.
«Әкем 2019 жылы қатерлі ісіктен көз жұмды. Ол кезде мен Екатеринбургте өтетін әлем чемпионатына дайындалып жүрдім. Әкем ауырып жатқанда, туған ағам қасында болды. Менің жаттығуымды үзбей, өзі бастан-аяқ қарады. Асқар тауым әлем чемпионатынан жүлде алғанымды көрмей кетті.
Қазір көп ойланамын. «Неге ертерек жеңіске жетпедім екен?», — деген ой мазалайды. Жеңісті күндерімді әкем де көргенде ғой деген арман бар. Әкеме көлік те әпере алмадым.
Ата-анамның жақсы үйде тұрғанын, жақсы өмір сүргенін қаладым. Құдайға шүкір, қазір бәрі жақсы. Балаларының тілеуін тілеп, ортамызда анам отыр. Олардың берген тәрбиесі маған өмір бойы азық. Әкем еңбек адамы болды. Егін егіп жүріп, бізді жеткізді. Енді ол көрмеген қызықты анам көрсе екен», — дейді Бибосынов.