
Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов Болгарияда өткен «Странджа» турнирін қорытындылады, деп хабарлайды Sportbugin.kz тілшісі.
Бас хатшының айтуынша, биылғы «Странджа» турниріне қатысушылардың саны мен сапасы алдыңғы жылдарға қарағанда аз болған.
«Бұл негізі жыл сайын өтетін қатардағы турнирлердің бірі. Бірақ журналистер «кіші әлем чемпионатына» теңеп, біраз дабыра қылып жіберді. Болгариядағы жарысты біз боксшыларды бір сынап алатын, кімнің дайындығы қай деңгейде екенін байқайтын бәсеке санаймыз. Сол себепті, біраз боксшымызды бәйгеге қостық.
Ал жалпы қатысушылар саны көп болған жоқ. 67 келіде ғана 16 боксшы тіркелді, қалған салмақтарда әрі кетсе 9-10 атлет жұдырықтасты. Оның екеуі Қазақстаннан екенін ұмытпайық. Сондықтан, Софиядағы халықаралық жарыс ұйымдастыру жағынан жоғары деңгейде болғанымен, сапасы жөнінен біраз төмен.
Қазақстан құрамасының көрсеткішіне келер болсақ, командалық есепте бірінші орын алдық. Бірақ біздің ең негізгі мақсатымыз – 2026 жылы өтетін Азия ойындары, 2027 жылы Астанада өтетін лицензиялық әлем чемпионаты және 2028 жылғы жазғы Олимпиада екенін айтқым келеді. Біз осы үш бәсекеде жақсы нәтиже көрсету үшін жұмыс істеп жатырмыз», — деді Ақшалов.
Қазақстан ерлер құрамасы «Странджа» турнирінен 5 алтын алса, әйелдер командасы жалпы есебі 15 жүлде жеңіп алды.
Фото: Сали Сабиров