
Алматыдағы Sadu Arena спорт кешенінде еркін және грек-рим күресінен «Ардагер алаңы» халықаралық турнирі өтіп жатыр, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Турнирге Қазақстанның барлық облысынан, Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан және Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, АҚШ-тан балуандар қатысуда.
Жарыстың құрметті қонақтары қатарында «Қазақстан Барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев, белгілі спорт функционері Ерлан Қожасбай және күрес ардагерлері бар.
Ашылу салтатында сөз алған турнирді ұйымдастырушы әрі идея авторы Ерлан Малаевтың айтуынша, бұл турнир дәстүрге айналып келеді және болашақта ірі жарыстардың қатарына қосатын жоспар бар.
«Биыл біздің бәсекемізге Америкадан балуандар келді. Жалпы есебі, турнирге 500-ге жуық ардагер спортшы қатысуда. Бұл бәсекені ұйымдастырудағы басты мақсат — ардагер балуандарды ұмыт қалдырмау. Жасы біразға келсе де, әлі күнге дейін кілемнен кетпеген, күресті өмір салтына айналдырған спортшылар бар. Соларға қолдау көрсетуіміз керек. Олардың көпшілігі қаражаттың жоқтығына байланысты, шетелдегі жарыстарға шыға алмайды. Ал осы бәсекеге біз жан-жақтан балуандар шақырып, жергілікті ардагер күрес шеберлеріне мүмкіндік жасаймыз», — дейді Ерлан Малаев.
Алғашқы жарыс күнінде грек-рим және еркін күрестен жеңімпаздар анықталды.