
Кураш күресінен әлем чемпионы, Қазақстан атлеті Әбілқайыр Мәуленин уақытша жарыстардан шеттетілді деп хабарлайды Sportbugin.kz, ita.sport деректеріне сүйене.
Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) спортшының экзогенді тестостеронға байланысты тапсырған допинг сынамасынан қолайсыз нәтиже анықталғанын мәлімдеді. Проба 2024 жылдың 17 желтоқсанында Өзбекстанда өткен World Series Pro финалынан кейін алынған.
— «Спортшы бұл жағдай туралы ресми түрде хабардар етілді және проба B талдауын талап ету құқығына ие. Егер екінші сынама нәтижесі де дәл осындай болса, бұл антидопинг ережелерінің расталған бұзылуы ретінде тіркеледі. Ал егер проба B сұратылмаса, жағдай сол күйі расталған бұзушылық ретінде қарастырылады. Спортшыға өз түсініктемесін беруге де мүмкіндік беріледі», — делінген ITA хабарламасында.
Сонымен қатар, Әбілқайыр Мәуленин 2023 жылдың қарашасында Түрікменстанның Ашхабад қаласында өткен кураштан әлем чемпионатының финалында жергілікті балуан Шатлык Жуманиязовты жеңіп, 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль иеленген еді.
Сондай-ақ 2024 жылдың желтоқсанында, бар-жоғы жарты жыл бұрын, ол World Series Pro жарысында ирандық Пакдель Элясты финалда жеңіп, Қазақстан атынан жалғыз алтын жүлде алған болатын.Еске сала кетейік, Әбілқайыр Мәуленин негізінен дзюдо спорты арқылы танылған. Бүгінде өзінің жеке академиясы бар. Бұған дейін ол 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде татамиде белсенді өнер көрсеткен және Қазақстан құрамасының мүшесі болған.
Венера Умирзакова