
Күрестегі форма дауы жалғасын табуда. Бүгін U20 Қазақстан құрамасының Бішкектегі Азия біріншілігіне бірыңғай формасыз барғанын жазғанбыз. Енді Вьетнамда 23 жасқа дейінгі балуандар арасында Азия чемпионы атанған Исхар Құрбаевтың да форма алмағаны белгілі болды, деп жазады Sportbugin.kz.
«Негізі, командаға форма берілген. Бірақ маған және тағы бір жігітке жетпей қалды. Кейін салып жібереміз деп айтқан, бірақ әлі жоқ», — деді Исхар.
Исхар Құрбаев биыл Вьетнамдағы Азия біріншілігінде грек-рим күресінен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында топ жарып, чемпион атанды. Бұған дейін ол жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған еді.
Айта кетелік, Олимпиадаға даярлау орталығы биыл тек қана күрестен U17 құрамасына Азия чемпионатына киетін форма тігіп берген. Ал U23 командасына олар жауап бермейтіндіктерін айтуда.
Яғни, Исхар Құрбаев өнер көрсететін U23 командасын толық киіндіру Қазақстан күрес түрлері федерациясының еншісінде.
Өкінішке қарай, федерация бір команданы толық киіндіре алмай отыр.