Бокстан 2005 жылғы әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов ұлттық құрамадағы ауыс-түйістерге қатысты пікірін бөлісті, деп жазады Sportbugin.kz.
Чемпионның пікірінше, федерация басшыларының Қайрат Сәтжановқа Олимпиадаға дейін мүмкіндік бермегені дұрыс емес.
«Қайрат ағайға бір циклді беруі керек еді деп ойлаймын. Қанша дегенмен, балалар үйреніп қалды. Әлем чемпионаттарынан жоғары нәтижемен оралды. Екі жыл қалғанда бапкер ауыстыру оңай шаруа емес. Оның үстіне, ағайымызды Токио Олимпиадасының алдында да жұмыстан шығарды. Бапкер ретінде оған да оңай еместігін түсінемін.
Нұржан Насанов ағайымызды да жақсы білемін. Кеңес бокс мектебінің түлегі, кезінде жақсы жұдырықтасты. Бұл маман өзі жұдырықтасқан жеңіл және орта салмақтарға басымдық береді деп ойлаймын.
Ал ауыр салмақтарды құрамадағы өзге бапкерлермен ақылдасып жасағаны жөн. Негізі, біздің командада бірнеше бапкер бар. Жалғыз бас жаттықтырушы ештеңе шешпейді. Бәрі ақылдасып, бірлікте болса, біз көптен аңсаған Олимпиада алтыны қоржынымызға түседі деп ойлаймын», — деді Ердос Жаңабергенов.
Еске салайық, 10 қаңтар күні Қазақстан бокс құрамасының бас бапкері қызметінен Қайрат Сәтжанов босатылды. Оның орнына Нұржан Насанов тағайындалды.
