«Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин шабуылшы Дастан Сәтпаевтың жарақатынан емделу әдісі мен қалпына келу мерзіміне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ASnews.kz.
Футболшы тек «Брюггеге» қарсы матчта ғана емес, «Арсеналмен» болатын Чемпиондар лигасының соңғы ойынында да командаға көмектесе алмайды.
«Менің түсінгенім бойынша, жарақатты операция арқылы да, операциясыз да емдеуге болады. Егер операция жасалмаса, емделу уақыты ұзарады. Қазіргі таңда ота жасамай емдеуге тырысамыз деген шешімге келдік.
Қалпына келу мерзіміне келсек, Дастан 3 ақпанда Түркияда бізге қосылады деп үміттеніп отырмыз. Ол Түркиядағы екінші оқу-жаттығу жиынына бізбен бірге барады», — деді маман.
Бүгін «Қайрат» «Астана Аренада» бельгиялық «Брюггені» қабылдайды (басталуы — 20:30).
Ал еурокубок маусымындағы соңғы матчты алматылықтар 28 қаңтар күні сырт алаңда Лондонның «Арсеналына» қарсы өткізеді. Осылайша, Дастан Сатпаев алаңға еурокубок маусымы аяқталғаннан кейін ғана қайта оралады.
