Еркін күрестен әлем чемпионатының қола жүлдегері Асылжан Есенгелді бұл күндері АҚШ-та жаттығуда. Ол әлемге әйгілі чемпиондар Дэвид Тейлор және Кайл Снайдерлермен бір залда күресіп жүр, деп жазады Sportbugin.kz.
Асылжанның АҚШ-та жаттығып, әлемдегі ең мықты еркін күрес шеберлерінен тәлім алуына түркістандық кәсіпкер әрі спорт менеджері Алмасхан Жамбаев қолғабыс көрсеткен.
Ол балуанның Америкаға барып-келу шығынын, жатын орны мен жаттығу залына және тамағына кететін қаражатты түгелдей өзі көтерген.
«Америкада жаттығудың әсері ерекше. Қанша дегенмен, еркін күрестің тарихы осы елден басталады және Кайл Дейк, Дэвид Тейлор, Кайл Снайдерс сияқты алыптар АҚШ-тан шыққан. Олардың күресу тәсілі бөлек болғандықтан, осында келіп, тәжірибе арттыруды жөн көрдім.
Осы жолда маған Алмасхан Жамбаев ағамыз көмектесті. Ол кісіге алғысым шексіз. Америка жақын жер емес, шығынның бәрін көтеріп, бір қазақ балуанының алаңсыз жаттығуына жағдай жасап отыр», — деді Асылжан.
Асылжан Есенгелді АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Pen State университетінде әлемнің үздік балуандарымен бірге жаттығуда.
«Қазір Тейлор, Снайдер, Кайл Дэйктермен бір залдамын. 61 келіде әлем чемпионы атанған жапондық Масаносуке Оно және өзге де танымал балуандар осы жерде дайындығын пысықтауда. Мұнда спортшыларға керемет жағдай жасалған, сөзбен жеткіз алмаймын», — дейді Есенгелді.
