27-28 ақпан күндері Болгария астанасы Софияда таеквондодан жылдың маусымашар жарысы өтеді. Bulgarian Open халықаралық турниріне Есбол Сұлтанов бастаған Қазақстан ұлттық құрамасы да қатысады, деп жазады Sportbugin.kz.
Команда бас бапкері Есбол Сұлтанов маңызды жарыс қарсаңында сұхбат беріп, спортшылардың дайындығына тоқталды.
«Софиядағы турнирге ұлттық құраманың бірінші нөмірлі спортшылары аттанады. Бұған дейін команда екі рет жаттығу жиынын өткізіп үлгерді. Бірінде жалпы дене дайындығына көңіл бөлсек, енді бірінде спортшылардың техникалық-тактикалық шеберлігіне баса мән бердік.

Болгариядағы турнирдің ауқымы өте үлкен, әлем мықтылары түгелдей дерлік жиналады. Маусымның алғашқы бәсекесі болғандықтан, әрбір құрама, әрбір спортшы өз әлеуеттерін бір тексеріп алғанды жөн көретіні анық.

Сондай-ақ, Bulgarian Open додасы қазақстандық спортшылар үшін мамыр айында өтетін Азия чемпионатына іріктеудің бірінші кезеңі болып саналады. Құрлық додасына іріктеудің екінші кезеңі етіп Түркиядағы халықаралық жарысты таңдадық. Бұл бәсеке наурызда өтеді. Осы екі турнир қорытындысы бойынша сары құрлық чемпионатына қатысатын құрама жасақталады», — деді Есбол Сұлтанов.
