Қарағандыда ережесіз жекпе-жек жарысында қатты соққы алған спортшы бес күннен бері комада жатыр. Октагоннан ессіз күйде шығарылған 18 жастағы Арслан Атымтаевқа ота жасалған, бірақ жағдайы әлі ауыр, деп хабарлайды КТК арнасы.
Спортшының туғандары полицияға арызданып, қылмыстық іс қозғалды. Бірақ олар спортшының қарсыласы емес, жарысты ұйымдастырушылар жазаға тартылсын дейді.
Жарыс Қарағандыда 14-15 ақпанда өткен. Арслан бірінші күні екі қарсыласын ұтыпты. Келесі күні финалда сынға шығады. Қатты соққыны сол кезде алған. Баланың есеңгірегені видеода анық көрініп тұр. Екінші раундқа делсал күйде шыққан ол, тағы бірнеше соққы алып, қарсыласа алмай отырды да қалды.
«Бірінші раундта соққыға жығылды, тыйым салынған соққыдан. Сол жерде тұрған рефери судьялар, жеке жаттықтырушысы баланың жағдайына қарамай, екінші рауындқа шығарып жібереді. Бірақ ол жаңағы соққыдан кейін, бала басқа құлағаннан кейін, тоқтатып, баланы қарап, тексеріп, екінші шабуылға дәрігердің рұқсатымен ғана шығару керек еді», — дейді спортшының апасы Бақытжан Қалиева.
Арслан октогоннан шығысымен комаға кеткен. Ұйымдастырушылар жедел жәрдем шақыртудың орнына, есінен танған баланы жеке көлікпен ауруханаға апарыпты. Туыстарын ашындырып отырғаны да осы. Балаға медициналық көмек дер кезінде көрсетілмеген. Бұлар жеткізген ауруханада нейрохирург болмаған. Ол басқа ауруханадан келіп ота жасағанша, үш сағат жоғалтыпты. Дегенмен жарысты ұйымдастырушылар бәрін регламент бойынша жасадық, бізден кінә жоқ деп отыр.
Туыстарының арызы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бірақ байқамай, басқаның денсаулығына зиян тигізу бабы бойынша оның сол кездегі қарсыласы жауапқа алынбақ. Бірақ Арсланның жақындары баланың жағдайын бағамдай алмаған бапкері, рефери мен төрешілер жазалануы тиіс деп отыр. Арслан әлі ауыр күйде жатыр.
