Мәнерлеп сырғанаудаан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың жеке бапкері Алексей Урманов журналист Ақырыс Сейтқазының YouTube арнасына арнайы сұхбат берді, деп жазады Sportbugin.kz.
— Желіде Илья Малинин құлап қалған соң ғана Шайдоров алтын алды, жолы болып кетті деген пікірлер көп. Бұған не айтасыз?
— Біріншіден, шын мықтылардың ғана жолы болады. Екіншіден, басқалардың қалай өнер көрсеткеніне, не істегеніне біз жауапты емеспіз. Олар мұны өздері істеді ғой. Михаил Шайдоров абсолютті түрде, шынайы күресте 100, 200 емес миллион процент жеңіске жетті.
— Десе де, бұл маусым сіздер үшін оңай басталмады. Жаңадан қойылған қысқа бағдарламадан бас тартып, былтырғы «Дюнаны» қайтардыңыздар…
— Білесіз бе, маусымның ең басты жарысы — осы Милан мен Кортинадағы Олимпиада ойындары еді. Біз бұл ойында жеңіске жеттік. Біздің басты мақсат – осы ойында сәтті өнер көрсету еді. Ал маусымның басталар шағы не үшін керек? Осындай қателіктерді анықтау үшін керек. Қайсысы жақсы, қайсысы жұмыс істейді, нені қалдырамыз деген сұрақтарға жауап аламыз. Scate America турнирінен соң біз былтырғы «Дюнаны» қайтарамыз деп шештік. Себебі, жаңа бағдарламаны дұрыс сырғанай алмайтынымызды түсіндік. Бұл қалыпты жағдай. Жалғыз Шайдоров емес, көптеген фигуристер бұрынғы бағдарламаға оралып жатады. Бұл — шығармашылық, бұл – өмір. Бұл шешімге келгеніміз өте дұрыс болды.
— Наурыз айында мәнерлеп сырғанауан әлем чемпионаты өтеді. Сол сыннан Мишаны көре аламыз ба?
— Негізі, мен бапкер ретінде биылғы әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отырмын. Әлем біріншілігіне барғанымыз дұрыс деп есептеймін.
— Олимпиадаға дайындық кезінде қандай да бір қиындық болды ма? Мемлекет көмек көрсетті ме?
— Көмек жағынан бізде ешқандай проблема болған жоқ. Біздің сұрағанымызды мемлекет 100 емес, 200 пайызға асырып орындап берді. Қолдау жағынан қиындық туындаған жоқ.
