Бұрынғы боксшы, кубалық қарсыластарын жиі жеңгенімен есте қалған Қанат Орақбаев қазіргі қазақ боксшыларына не жетпей жатқанын айтты. Бұл туралы Sportbugin.kz хабарлайды.
«Жақында «Странджа» турнирі аяқталды. Бұл жарыс бұрыннан мықты бәсеке саналады. Өзім 2007 жылы сол турнирге қатысқанмын. Биыл біздің жігіттер екі медаль алыпты. Мен команданың қасында жүргенім жоқ, сондықтан, бұл нәтижеге қатысты бапкерлер мен федерация шешім қабылдайтын шығар.
Ал қазіргі біздің боксшыларға спорттық мінез жетпей жатыр. Мінез болмаса, бәрі бекер. Жеңісті жұлып алу керек. Міне, осылар жетпей тұр бізге. Әрине, бәрі де спорттық этика аясында болуы тиіс. Әдептен аспай, бірақ өз есемізді жібермей жүргеніміз дұрыс. Шаршы алаңға жай ғана кірріп-шыққаннан ештеңе болмайды. «Жеңісті жұлып аламын» деп құлшынып шыққан жігіттерді төрешілер де байқайды.
Біз техника жағынан қазір атой салып тұрған Өзбекстанннан әлдеқайда жақсымыз. Бірақ сол жұлып алу жағы жетпей тұр. Содан соң, физикалық дайындық пен төзімділікті арттырған жөн. Барлығын қолдану керек», — деді Орақбаев.
Айта кетелік, бокстан Қазақстан құрамасы Болгариядағы турнирді 2 медальмен аяқтады.
