Күрестен Албаниядағы рейтингілік турнирде Ризабек Айтмұхан әйгілі балуан Абдулрашид Садулаевпен белдесті. Осы кездесуге қатысты оның бапкері әрі әкесі Қанат Жолдасбаев пікір білдірді, деп жазады Sportbugin.kz.
«Ризабек бабына еніп келеді. Қазір шамамен 40 пайыз дайынбыз. Негізгі күшімізді қыркүйекте өтетін жазғы Азия ойындарына сақтаймыз. Сол кезде нағыз бабына жеткізу – басты міндетіміз.
Садулаевпен өткен белдесуге келер болсам, мұндай мықтылармен де күресуге болады. Бабы мен бағы қатар келсе болғаны. Албанияда Ризабек бір қате жіберіп алды, соның салдарынан қарсылас көп ұпай алып кетті», — деді Ризабектің әкесі.
Айта кетелік, Ризабек Айтмұхан наурыз айының аяғында PWL лигасы аясында кездесу өткізеді. Қарсыласы – ресейлік Алихан Кцоев.
Екі балуан осыған дейін де кездесіп, қазақ балуаны жеңіске жеткен болатын.
