Журналист Лилиана Әлжанова қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың ресейлік бапкер Алексей Урмановтың қол астына қалай барғаны туралы қызықты оқиғаны бөлісті. Бұл туралы Aqyrys Seitqazy YouTube арнасына сілтеме жасаған Sportbugin.kz хабарлайды.
Әлжанованың айтуынша, спортшының шетелдік маманға ауысуына Қазақстанда қажетті деңгейде көмектесетін мамандардың аздығы себеп болған.
«2025 жылы Михаил Шайдоров әлем чемпионатынан күміс медаль алып келді ғой. Кейін Олимпиадаға дайындық ретінде министрлік тарапынан да назар аударыла бастады. Сол кезде “Алау” мұз сарайынан мұз беріліп, мен өзім іздеп барып сөйлестім. Оған көмектесетін адам керек болды. Урмановтан «Михаил сізге қалай келді?», деп сұрадым. Урмановтың айтуынша, Михаил алғашқы жаттығуға шыққанда басындағы жылы бас киімін шешпей мұзға шыққан. “Неге шешпейді?” деп сұрасам, ол Алматыда ашық мұз айдынында жаттыққан екен. Сол себепті бас киіммен жаттығуға үйреніп қалған», — деді Әлжанова.
Айта кетейік, Михаил Шайдоров Милан-Кортина-2026 Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан мәнерлеп сырғанауы үшін маңызды нәтижеге қол жеткізген еді.
Фото: Сали Сабиров
