Бұл күндері Түркістан облысында көкпардан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Алайда, Қазақстанның басты қарсыласы саналатын Қырғызстан бұл бәсекеге келген жоқ, деп жазады Sportbugin.kz.
ҚР Көкпар федерациясының мәліметінше, Қырғызстан тарапымен екі рет келіссөз жүргізілген.
«Түркістан қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатына ресми шақыруды Халықаралық Көкпар Қауымдастығы жолдайды. Халықаралық Көкпар Қауымдастығының шақыруынан бөлек, Республикалық «Көкпар» федерациясы 12 ақпанда және 2 наурызда Қырғыз еліне Халықаралық Көкбөрі федерациясы және Қырғызстан Республикасының Көкбөрі федерациясының басшыларымен 2 рет келіссөз жүргізілді.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша Қырғыз елі тарапы 2-3 күн уақыт сұраған және ресми жауап жолдау туралы мәлім етілген. Дегенмен, көрші елдің жауаптылары телефон арқылы келе алмайтынын мәлімдеді. Бірақ, ол ресми жауап болып саналмайды. Десек те, әлем чемпионатына Халықаралық Көкбөрі федерациясының өкілдері келіп, жарысты тамашалап қайтты», — делінген ресми хабарламада.
Ал Қырғызстан тарапы болса, әлем чемпионатына шақырту тым кеш жіберілгенін және бір ай ішінде әлемдік додаға дайындалып үлгермейтіндерін жеткізген.
