
Қазақстан жастар командасының аға жаттықтырушысы Айтжан Алдабеков алдағы жарыстар алдындағы жоспарларымен бөлісті, деп жазады Sportbugin.kz
Биыл бізде жастар арасында екі маңызды жарысымыз бар. Бірі — Әлем чемпионаты, екіншісі — қараша айында өтетін жасөспірімдер арасында Олимпиада ойындары.
Жарыстарға спортшыларды іріктеу үшін 5-8 ақпан аралығында Түркістан қаласында жастар арасында ҚР чемпионаты өтті. Сол жерде 1-орын иеленген спортшылар тікелей Әлем чемпионатына жолдама алды. Жарыста әділ төрешілік болу үшін федерация халықаралық деңгейдегі төрешілерді шақырды.
Әлем чемпионаты алдындағы алғашқы оқу-жаттығу жиыны Түркістан облысы Алматау спорт базасында өтті. Жаттығу жиыны физикалық басымдықты күшейтуге бағытталды. Бұл жиынға бірінші және үшінші номерлі барлық спортшылар қатысты.
Спортшылардың ҚР чемпинатындағы және жаттығу барысында жасаған қателіктерімен бірден жұмыс жасалып отырды.
Әлем чемпионаты алдында жалпы 3 оқу-жаттығу жиыны болады. Біріншісі өтті, екіншісі Алматы облысы Олимпиадалық даярлау орталығында Есбол Сұлтанов баптайтын Ұлттық құрамамен бірлескен оқу-жаттығу жиыны басталды. Бұл жақта тактика-техникаға басымдық беріледі. Сонымен қатар, Белорусь елінің ересектер құрамасы бар. Жаттығу жиынын бірге өткізу себебіміз: қазіргі таңда біздің ұлттық құраманың деңгейі өте жоғары, қарқынды дамып келе жатыр. Сол спортшылардан көбірек тәжірибе алу үшін. Осы жылы екі рет ұлттық құрамамен бірге оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Бірі осы Әлем чемпионаты алдында, екіншісі Олимпиаданың алдында болады.
Одан кейін біз Түркия елінде өтетін TURKISH OPEN халықаралық турниріне қатысамыз. Жарыс барысында балалардың деңгейін бір тексереміз.
TURKISH OPEN-нен кейін Әлем чемпионаты алдындағы үшінші оқу-жаттығу жиыны Алматау спорт базасында өтеді.
Әлем чемпионаты сәуір айының 12-17 аралығында Ташкент қаласында өтеді деп жоспарланып отыр. Бірақ қазір бүкіләлемдік таэквондо федерациясынан “Әлем чемпионатының уақыты мен өтетін жері” өзгеруі мүмкін деген хат келді. Алдағы уақытта нақты белгілі болады.
Олимпиада ойындарына бөлек іріктеу жүргізіледі.
Әзірге басты назарымыз Әлем чемпионатында, спортшыларымыз жоғары жетістіктерге жетеді деген үміттеміз. Әлем чемпионатында көк туымызды көтеру үшін барымызды саламыз.
