Паракаратэші Жетес Нұрмағанбетов Sportbugin.kz тілшісіне хабарласып, өзіне қатысты басшылық тарапынан болған әділетсіздіктер туралы айтты. Параспортшының мәліметінше, WKF каратэден Астана қалалық федерациясының басшысы Мейрамгүл Дукуева бір жылдан аса уақыт бойы жалақасынан 50 мың теңгеден өз пайдасына ұстап келген. Бүгінде параспортшы мұндай әділетсіздікке шыдай алмайтынын айтып, Бас прокуратурдан бастап, құзырлы органдардың бәріне шағымданған, деп жазады Sportbugin.kz.
Жетес Нұрмағамбетов церебралды сал ауруына шалдыққан, бірінші топтағы мүгедек. 38 жастағы спортшы өмірге деген ерекше құлшынысының арқасында 2021 жылдан бастап паракаратэмен айналыса бастаған. Бала арманының орындалатынына сенген ол кейін әділетсіздікке тап болғанын айтады.
«Мен 2021 жылдан бері паракаратэші ретінде дайындала бастадым. Сол кезде паракаратэ федерациясының вице-президенті Мейрамгүл Дукуева «жақсы нәтиже көрсетсеңдер, қоғамдық жұмысқа қабылдаймын» деді. Кейін, 2022 жылы бізді жұмысқа алды. Бір жыл бойы тұрақты жалақы алдық. Бастапқыда 102 мың теңге алсақ, кейін ол 120 мың теңгеге дейін өсті. Алайда осы ақшаның 50 мың теңгесін федерация президентінің айтуымен «Дана К» және «Сайрангүл А» есімді адамдардың Kaspi Gold-тағы нөмірлеріне аударып отырдық”, – дейді Жетес Нұрмағанбетов.
Спортшының айтуынша, бастапқыда бұл қаражаттың не үшін аударылатынын сұрағанда, федерацияның вице-президенті оны жалғызбасты аналар мен көпбалалы отбасыларға көмек ретінде жіберілетінін айтқан.
«Біз не үшін, қайда ақша аударып жатқанымызды сұрағанда, бұл қаражат мұқтаж жандарға көмек ретінде беріледі деп сендірді», – дейді ол.
Кейін Жетес Нұрмағанбетов ипотекамен үй алғандықтан, ай сайын 50 мың теңге аудару мүмкін емес екенін айтқанда, Дукуева оны жұмыстан шығаратынын айтып, қысым жасайды.
«Мен ипотекамен үй алдым. Бірінші топтағы мүгедек адамға ипотека несиесін төлеу оңай емес. Сол себепті, бұдан былай 50 мың теңге аудара алмайтынымды айттым. Сонда маған «жұмыстан шық!» деп қысым көрсетті», – дейді спортшы.
Жетес Нұрмағамбетовтің айтуынша, құжат жүзінде ол гардеробшы және программист ретінде тіркелгенімен, іс жүзінде залда жаттығып, дайындықпен айналысқан. Паракаратэші өзінің гардеробшы және программист ретінде тіркелгенін уақыт өткен соң ғана біледі.
Сонымен қатар, Жетес Нұрмағанбетов 2026 жылы үш жылдан бері ай сайынғы 50 мың теңгені қайда және кімге аударып отырғанына күмәнданып, e-Өтінішке арыз жазғанын атап өтті.
«2026 жылдың 13 қаңтарында Мейрамгүл Дукуеваның атына e-Өтініш арқылы арыз жаздым. Арада он күн өткен соң Мейрамгүл Дукуева үйіме 1 млн 150 мың теңгені қолма-қол алып келіп, кешірім сұрады. Мұның видеожазбасы да, барлық аударымдар мен хат алмасулар менде сақтаулы. Егер оның ісі ақ болса, қараптан-қарап келіп, менен кешірім сұрамас еді ғой. «Мен ештеңе білмедім, кешір» деді. Менің арбада отыратынымды, жағдайымды көріп, біліп отыр ғой. Бірақ оның қолма-қол әкелген ақшасын алмадым. Содан кейін ол бұл қаражатты бізге ақша аудартқан нөмірлерден менің шотыма аударып жіберді. Сондай-ақ, кешірім сұрау барысында паракаратэ федарациясына вице-президент боласың деп жұмыс ұсынды. Менен арызды қайтарып алуды сұрады», – дейді Жетес Нұрмағанбетов.
Бұған қоса, Нұрмағанбетов паракаратэ федерациясының вице-президенті Мейрамгүл Дукуева өзінен бөлек тағы 10 адамнан ақша аудартып отырғанын айтуда.
«Он адамнан ақша алып отырды. Оның ішінде психологиялық ауытқуы бар адамдар да болды. Мен паракаратэден екінші топта болдым. Сол топта Айжан деген паракаратэші қыз болды. Ол менен: «Сен де ай сайын 50 мың теңге аударып отырасың ба?», — деп сұрады. Екеуіміз де бір нөмірге ақша аударып отырдық», – дейді ол.
Жетес Нұрмағанбетов бұл даулы мәселеге төңірегінде әділ әрі заңды шешім қабылдануын талап етуде. Сол себепті 2026 жылдың қаңтар айында ол Прокуратураға, полиция департаментіне және ҰҚК департаментіне шағымданған. Алайда, заң бойынша шағым тіркелмегені және тергеу басталмағаны айтылуда. Сондықтан спортшы осы істің заң аясында әділетті шешім қабылдауды сұрап отыр.
Осы оқиғаға қатысты Sportbugin.kz тілшісі Жетес Нұрмағанбетовтің адвокаты Дастан Игубаевқа хабарласып, пікірін білді.
«Жетес Нұрмағанбетовтің арызы бойынша басталған іс соңына жетпей, нәтиже шығара алмай отырмыз. Себебі, қылмыстық құрам жоқтығын айтып, іс белгісіз себептермен қайта-қайта тоқтап қалды. Бас прокуратураға дейін арыздандық. Олар істі тексеруге жібергенін айтады, сонымен бұл мәселе аяқсыз қалып отыр. Мен бұл кісіге тегін көмек көрсетіп жатырмын. Бірінші топтағы мүгедек, арбамен ғана қимылдай алады. Оны жұмысқа гардеробшы деп алыпты, шын мәнінде, физикалық тұрғыдан ол мұндай жұмыс істей алмайды. Ал мүгедек адамның азғантай жалақасынан елу мың теңгеден ұстап отырғаны аяқсыз қалмауы керек. Сол себепті, мен іс алға жылжып, құзырлы органдар назар аударуы үшін әлеуметтік желіге де жарияладым», — дейді Дастан Хасенұлы.
Осы орайда, Sportbugin.kz тілшісі Мейрамгүл Дукуеваның өзіне хабарласты.
«Мұның барлығы маған жабылған жала. Қаласа, шағымдана берсін. Бұған дейін үш рет арыз түсірген, бірақ ешқайсысы дәлелденген жоқ. Тағы да сотқа жүгінсін», — деді Дукуева.
Бұл жағдайға қатысты Sportbugin.kz сайты ҚР Туризм және спорт министрлігіне ресми сауал жолдады.
