Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының капитаны Айбек Оралбай егізі Нұрбек Оралбай екеуінің жетістіктері туралы айтты, деп жазады Sportbugin.kz
Оның сөзінше, ағайынды боксшылар жастар құрамасынан бастап көптеген жарыста қатар топ жарып келеді. Осы уақыт аралығында олар 10-15 турнирде бірге жеңіске жеткен.
«Азия чемпионатында бір үйден чемпион атанып жатқан жайымыз бар. Бұған дейін талай турнирде бірге топ жарған едік. Алайда ересектер арасындағы ірі жарыстарда алғаш рет осындай жағдай тіркеліп отыр. Бұл — біз үшін үлкен қуаныш. Алдағы ірі додаларда да осы жетістігімізді жалғастырсақ деген сенім бар», — деді Айбек Оралбай.
Айта кетейік, Ұланбатырда өткен Азия чемпионатында Нұрбек 85 келі салмақта, ал Айбек аса ауыр (90+ кг) салмақта чемпион атанған.
