Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың жалақысы төңірегінде туындаған мәселе толық шешімін тапты. Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
«Тараптар келісімшарттың барлық тармағын жан-жақты талқылап, ортақ мәмілеге келді. Құжатқа қол қойылғаннан кейін министрлік оны жұмыс тәртібімен қабылдады. Енді келісімшартта көзделген қаржы толық көлемде төленеді», — деді Жарасбаев.
Сондай-ақ 5 маусым күні Михаил Шайдоровтың жаңа маусымға дайындық мақсатында АҚШ-қа аттанатынын хабарлады.
Бұдан бөлек, алдағы күндері спортшы өз командасымен бірге Туризм және спорт министрлігіне барып, келесі Олимпиада ойындарына дайындық мәселелерін талқылайды.
Айта кетейік, бұған дейін Михаил Шайдоровтың қаржыландыру және келісімшарт мәселесіне қатысты жағдайы қоғамда қызу талқыланған болатын. Енді тараптар келісімге келіп, мәселе толық шешілді.
