Қостанай облысының мақтанышы, грек-рим күресінен Азия чемпионы Иусуф Мациевке жаңа пәтердің кілті табысталды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Спортшыға баспана оның ел спортының дамуына қосқан үлесі мен халықаралық жарыстардағы жоғары нәтижелері үшін сыйға берілді.
Иусуф Мациев бүгінде Қазақстан құрамасының көшбасшы балуандарының бірі саналады. Ол 2025 жылғы Азия чемпионатының жеңімпазы атанып, әлем чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ жуырда Алматы қаласында өткен Қазақстан Кубогында топ жарып, алдағы Азия ойындарына жолдама алған болатын.
Жаңа пәтердің кілтін спортшыға Қостанай облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті, «Alpamys Group» құрылыс компаниясының басшысы Алмат Айтқожинов табыс етті.
Айта кетейік, Иусуф Мациев Алматыда өткен Қазақстан Кубогында алтын медаль жеңіп алып, ұлттық құрама сапындағы көшбасшылардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
