Шахматшы Бибісара Асаубаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жасап, спорттық дайындығын қаржыландыру мен қолдау мәселелерін көтерді, деп жазады Sportbugin.kz.
Шахматшының айтуынша, жуырда аяқталған Norway Chess Women 2026 турнирінде жеңіске жеткенімен, жарысқа дайындық өз отбасының қаражаты есебінен жүргізілген. Сондай-ақ ол секунданттар мен сарапшылардың еңбекақысы әлі төленбегенін мәлімдеді.
Асаубаева спорт министрлігі тарапынан көрсетілетін қолдаудың жеткіліксіз екенін айтып, жалақысының бірнеше есе қысқарғанына назар аударды. Сонымен қатар министрлік уәде еткен қаржылық көмектің толық көлемде берілмегенін жеткізді.
Үндеу соңында ол мемлекет басшысынан қолдау көрсетуді сұрады.
Айта кетейік, Бибісара Асаубаева Norway Chess Women 2026 турнирінде 16,5 ұпай жинап, аталған беделді жарыста жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық шахматшы атанды.
