Қытайда өтіп жатқан бокстан Әлем кубогының кезеңінде тартысты жекпе-жектердің бірі өтпек, деп хабарлайды Sportbugin.kz Sportarena.kz сайтына сілтеме жасап.
90 келі салмақ дәрежесінің 1/8 финалында Нұрбек Оралбай мен өзбекстандық Тұрабек Хабибуллаев шаршы алаңға шығады.
Алдағы кездесуге баға берген Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов бұл айқастың Нұрбек үшін оңай болмайтынын айтты.
«Нұрбек үшін қиын жекпе-жек болайын деп тұр. Ол 80 келіде өнер көрсетіп, негізгі жетістіктеріне қол жеткізді. Биыл Азия чемпионатында 85 келіде жеңіске жетті. Енді олимпиадалық ауыр салмақтағы жаңа сынақ күтіп тұр. Хабибуллаевтың деңгейін жақсы білеміз. Ол әлем чемпионатында біздің Сағындық Тоғамбайды сенімді түрде жеңген болатын», — деді Еділов.
Еділовтың пікірінше, өзбек боксшысы жаңа салмаққа ертерек бейімделгендіктен белгілі бір артықшылыққа ие.
«Тұрабек 90 келіде 2025 жылдың басынан бері жұдырықтасып келеді. Сондықтан бұл салмақтағы тәжірибесі көбірек. Дегенмен Нұрбектің де қарымына күмән жоқ. Ол өте ақылды әрі техникалық тұрғыдан мықты боксшы. Қажет болса ашық айқасқа да бара алады. Сондықтан жанкүйерлерді қызықты кездесу күтіп тұр деп ойлаймын», — деді тәжірибелі бапкер.
