Қытайда өтіп жатқан бокстан Әлем кубогында қазақстандық боксшы Сабыржан Аққалықов жарыс жолын аяқтады, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
80 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Аққалықов 1/8 финалда World Boxing әлем чемпионы, өзбекстандық Жавохир Умматалиевпен қолғап түйістірді.
Екі боксшы да кездесуді жоғары қарқында өткізіп, ашық айқас көрсетті. Екінші раундта төреші нокдаун тіркеп, Аққалықовтың ұпайын кемітіп тастады.
Үш раунд қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті 3:2 есебімен өзбекстандық боксшыға берді.
Осылайша Сабыржан Аққалықов Әлем кубогындағы жарысын 1/8 финал кезеңінде аяқтады.
Айта кетелік, бұл Сабыржанның 80 келі салмақ дәрежесіндегі алғашқы ресми жарысы. Бұған дейін ол 75 келіде бақ сынаған болатын.
