Таиландта өтіп жатқан күрес түрлерінен U20 Азия чемпионатында грек-рим күресінің бәсекесі өз мәресіне жетті, деп жазады Sportbugin.kz.
Құрлық біріншілігінде Қазақстан құрамасы грек-рим күресінен үш күміс және үш қола медаль жеңіп алды.
Күміс жүлдегерлер қатарында 77 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Бақдәулет Тұрсынбек бар. Ол финалда өзбекстандық Огабек Аскаралиевке есе жіберді.
82 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Еркебұлан Анапия алтын жүлде үшін өткен белдесуде ирандық Алиреза Мохаммад Хоссейниге жол беріп, күміс медаль иеленді.
Ал 87 келіде белдескен Әлихан Тағаев шешуші кездесуде қырғызстандық Муслим Мамыровтан жеңілді.
Қола жүлдені Әмірмұхаммед Кабулов (55 келі), Алпамыс Болатұлы (60 келі) және Максим Украинцев (97 келі) еншіледі.
Осылайша, Қазақстан құрамасы грек-рим күресінен U20 Азия чемпионатын үш күміс және үш қола медальмен аяқтады.
