Қазақстанда «Жаппай көкпар» ресми спорт түрі ретінде танылып, мемлекеттік спорт түрлерінің тізіліміне енгізілді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп жазады Sportbugin.kz.
Сондай-ақ Жаппай көкпар федерациясы аккредиттеуден өтіп, жарыстарды қауіпсіздік талаптарына сай өткізу міндеті заңмен бекітілді.
Енді жаппай көкпар жарыстары тек әкімдіктердің рұқсатымен ұйымдастырылып, оған медицина, ветеринария және полиция қызметкерлері міндетті түрде тартылады. Қатысушылардың жасы мен санына, төрешілер мен аттарға қойылатын талаптар да ресми ережемен бекітілді.
Алайда Ақмола облысында рұқсатсыз өткен көкпар кезінде 14 жастағы баланың қаза табуына байланысты «Жаппай көкпар» федерациясының аккредиттеу куәлігі бір айға тоқтатылды. Қазір аталған оқиға бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр.
