Мас күйінде көлік жүргізгені үшін жауапкершілікке тартылған Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновке әріптестері қолдау білдіріп жатыр, деп жазады Sportbugin.kz.
Алғашқылардың бірі болып Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков үн қатты.
Ол Instagram парақшасында Даниярдың ел абыройын асқақтатқан ұлы спортшы екенін атап өтіп, федерация спортшыларын тек жеңіс сәтінде ғана емес, сын сағаттарда да қолдайтынын мәлімдеді. Ерденбеков заң әділ болуы керектігін, бірақ адамға деген қолдау одан да маңызды екенін жеткізді.
Сонымен қатар, шорт-трекші Абзал Әжіғалиев те пікір қалдырып, Даниярға қолдау білдірді. Боксшы Мерей Ақшалов та әлеуметтік желі арқылы чемпионға қолдау көрсеткендердің қатарынан табылды.
Осылайша, даулы жағдайға қарамастан, қазақстандық спорттың танымал өкілдері Данияр Елеусіновке қолдау білдіріп, оның бұл жағдайдан сабақ алып, мықты болып шығатынына сенім білдіруде.
