Зілтемірші Нұржан Жұмабай Колумбияда өтіп жатқан әлем чемпионатында әлем рекордының авторы атанды, деп жазады Sportbugin.kz.
88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық спортшы қоссайыс нәтижесі бойынша 348 келіні (155+193) бағындырып, қарсыластарына дес бермеді.
Сонымен қатар, ол серпе көтеру жаттығуында 193 келіні еңсеріп, жасөспірімдер арасындағы әлем рекордын жаңартты.
Әлем чемпионатының күміс жүлдесін Испания өкілі Эрик Гуадамуд иеленді. Ол қоссайыс қорытындысында 344 келі (156+188) көтерді. Ал қола медаль Мексика спортшысы Хосе Мантильяға бұйырды. Оның нәтижесі — 335 келі (151+184).
Осылайша, Нұржан Жұмабай Қазақстан құрамасының қоржынына кезекті алтын медальді салып қана қоймай, әлемдік рекорд орнатты.
