Шымкент қаласында өңірлік бокс федерациясының кезектен тыс жиыны өтіп, ұйымның жаңа президенті сайланды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Жиынға Қазақстан бокс федерациясының вице-президенттері Болат Әбдірахманов пен Мерей Ақшалов, сондай-ақ өңірдің бокс саласының мамандары қатысты.
Жиын қорытындысы бойынша қатысушылардың бірауыздан қабылдаған шешімімен белгілі кәсіпкер Каримов Бауыржан Бақтыгерейұлы Шымкент қалалық бокс федерациясының президенті болып сайланды.
Еске салсақ, бұған дейін, сәуір айында Шымкент қалалық бокс федерациясының бұрынғы президенті Батырбек Мырзакелдіұлы қызметін Бауыржан Каримовқа тапсыратынын мәлімдеген болатын.
Айта кетейік, Бауыржан Каримов бұған дейін Атырау және Батыс Қазақстан облыстық бокс федерацияларын басқарған. Оның Шымкентке келуі бокс жанкүйерлері арасында үлкен қызығушылық тудырды.
Көпшілік бұл өзгерісті Қазақстан құрамасының талантты боксшысы Терехан Сабырханның есімімен байланыстырады. Өткен жылы Терехан Сабырхан Каримов жетекшілік еткен Атырау облыстық бокс федерациясына ауысатынын хабарлаған еді.
Алайда Шымкент тарапы спортшыны жібермегендіктен, ақырында Бауыржан Каримовтың өзі Шымкент қалалық бокс федерациясының тізгінін ұстады.
