Азия ойындарына 70 келіге дейінгі салмақта Қазақстан намысын кім қорғайтыны әзірге белгісіз. Бұл салмақта тәжірибелі Абылайхан Жүсіпов пен жас жұлдыз Төрехан Сабырханның арасында таңдау жасалуы мүмкін.
Абылайханның осы салмақтағы еңбегін ескермеуге болмайды. Ол кәсіпқой бокстан әуесқой боксқа оралғалы бері бірде-бір рет жеңілген жоқ. Осы уақыт ішінде Азия чемпионы, әлем чемпионы атанып, өзінің жоғары деңгейдегі тәжірибесі мен тұрақтылығын дәлелдеді. Бұған қоса, жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы екенін де ескерген жөн. Жүсіпов — ұзақ жылдар бойы ел намысын абыроймен қорғап, халықаралық ареналарда Қазақстанның көк туын талай мәрте биікте желбіретті.
Төрехан Сабырхан Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионатының финалында ол иорданиялық Зияд Ешаашқа есе жіберген еді. Бір қызығы, кейін Қытайда өткен әлем кубогының жартылай финалында Абылайхан Жүсіпов дәл осы Зияд Ешаашпен кездесіп, оны жеңді.
Бұл — Абылайханның қазіргі бабын көрсететін маңызды жайттардың бірі.
70 келіде кімнің Азия ойындарына баратыны әзірге ашық мәселе. Екі боксшының да өз артықшылығы бар, ал соңғы шешім спорттық көрсеткіштер мен бапкерлер штабының таңдауына байланысты болмақ.
