Көркем гимнастикадан Чехияда өтіп жатқан Grand Prix BRNO халықаралық турнирінде жекелей жаттығулар бойынша жүлдегерлер анықталды, деп жазады Sportbugin.kz.
Қазақстандық гимнаст Ақмарал Ерекешева төрт жаттығудың барлығында финалға өтіп, жарысты бір алтын және үш күміс медальмен аяқтады.
Шығыршық жаттығуында Ақмарал Ерекешева 29.150 ұпай жинап, алтын медаль иеленді. Күміс жүлде 29.100 ұпаймен украиналық Полина Карикаға бұйырса, қола жүлдені 27.950 ұпаймен өзбекстандық Лола Джураева алды.
Доп жаттығуында украиналық Таисия Онофрийчук 28.450 ұпаймен алтын медаль жеңіп алды. Ақмарал Ерекешева 28.000 ұпаймен күміс жүлдеге ие болды. Қола медальді 27.350 ұпай жинаған Полина Карика еншіледі.
Ұршық жаттығуында Таисия Онофрийчук 29.450 ұпаймен алтын медаль алды. Ақмарал Ерекешева 29.050 ұпаймен күміске ие болса, Лола Джураева 27.600 ұпаймен қола жүлдені иеленді.
Таспа жаттығуында польшалық Лилиана Левинска 27.700 ұпаймен алтын медаль жеңіп алды. Ақмарал Ерекешева 27.600 ұпаймен күміс жүлдеге тұрақтаса, Лола Джураева 27.300 ұпаймен қола медаль алды.
Осылайша, Ақмарал Ерекешева Grand Prix BRNO турнирінің төрт финалында бір алтын және үш күміс медаль жеңіп алды.
