Түркістан облысында кафель өндіретін зауытта жұмыс істеген спортшы жазатайым оқиғадан қаза тапты. Бұл туралы марқұмның досы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Досының айтуынша, Тілектес Әділ зауытта жұмыс істеп жүрген кезде электр сымына абайсызда тиіп, ток соққаннан кейін биіктіктен құлаған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған.
Тілектес Әділ Бақытжанұлы — жастайынан спортпен айналысып, еркін және грек-рим күресінен жарыстарға қатысқан. Есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы Қазақстан чемпионаттары мен спартакиадаларда жүлделі орындарға ие болған. 2018 жылы Ақтөбе қаласында өткен есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы Қазақстан Республикасының II Спартакиадасында грек-рим күресінен 55 келі салмақта чемпион атанған. Сондай-ақ 2019 жылы Қостанайда өткен грек-рим күресінен ересектер арасындағы командалық Қазақстан чемпионатында 60 келі салмақта бірінші орын алған. Бұдан бөлек, республикалық және халықаралық жарыстарда бірнеше рет жүлдегер атанды.
