Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында спорттық жүрістің марафондық қашықтығында өнер көрсеткен қазақстандық Ясмина Тоқсанбаева 42,195 шақырымды 3:22:20 уақытта бағындырып, мәреге бірінші болып жеткен еді.
Алайда жарыстан кейін спортшының жарыс барысында пайдаланған аяқ киіміне қатысты наразылық (протест) беріліп, оның нәтижесіне байланысты мәселе туындады.
Осыған байланысты Қазақстан Жеңіл атлетика федерациясы спортшының құқықтары мен мүддесін қорғау жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.
Федерацияның хабарлауынша, World Athletics ұйымының рұқсат етілген аяқ киімдер тізімінде ASICS бренді бар. Алайда Ясмина Тоқсанбаева жарыста пайдаланған аяқ киімнің нақты моделі аталған тізімге енгізілмеген. Сонымен қатар жарыс басталар алдында спортшының аяқ киімі тексеріліп, оның жарысқа қатысуына рұқсат берілген.
Қазіргі уақытта қабылданған шешімге қатысты Федерация атынан наразылық білдіріліп, тиісті шағым жолданған.
Сонымен қатар Қазақстан Жеңіл атлетика федерациясы шағымның нәтижесіне қарамастан, Ясмина Тоқсанбаеваға чемпионға тиесілі барлық сыйақыны өз қаражаты есебінен толық көлемде төлейтінін мәлімдеді.
«Біз үшін Ясмина — чемпион. Федерация оны қолдауды жалғастырады. Біздің жіберген шағымымыз бен наразылығымыздың нәтижесіне қарамастан, чемпионға тиесілі барлық сыйақы Федерацияның өз қаражаты есебінен толық көлемде төленеді», — деп мәлімдеді федерация.
