20 қыркүйекте Астана қаласындағы Ботаникалық бақта UNICEF Charity Run 2026 қайырымдылық жүгірісі өтеді. UNICEF ұйымының 80 жылдығына арналған шара балалардың құқықтарын қолдауға, инклюзивті қоғам қалыптастыруға және әр баланың тең мүмкіндіктерге қол жеткізуіне үлес қосуға бағытталған.
Жүгірістің басты мақсаты — Қазақстандағы балалар үшін қолайлы әрі кедергісіз орта қалыптастыруға қолдау көрсету. Іс-шара аясында жиналған қаражат балалардың, соның ішінде мүгедектігі бар балалардың қоғам өміріне тең дәрежеде қатысуына қажетті жағдайлар жасауға бағытталады.
Қайырымдылық жүгірісіне кәсіби спортшы болу міндетті емес. Қатысушылар өз мүмкіндігіне қарай қашықтық таңдай алады. Бағдарламада үш қашықтық қарастырылған: 2 шақырымдық жүгіріске 7–15 жас аралығындағы балалар тегін қатысады. 5 шақырымдық қашықтыққа 16 жастан бастап қатысу жарнасы 5 000 теңгені, ал 10 шақырымға 7 000 теңгені құрайды. Мүгедектігі бар адамдар үшін барлық қашықтыққа қатысу тегін.
Мұнда әр қатысушының жарыс жолындағы қадамы балалардың болашағына қосылған үлес болып саналады. Шара қоғам назарын балалардың білім алуға, спортпен айналысуға және қоғамдық өмірге тең қатысуына мүмкіндік беретін орта қалыптастыру мәселесіне аударуды көздейді.
Қатысушыларды тіркеу Ticketon платформасында жүргізіледі. Тіркелу сілтемесі UNICEF Kazakhstan ұйымының Instagram парақшасындағы (@unicefkazakhstan) сипаттамада қолжетімді.
Астаналықтар мен қала қонақтарын жақындарын ертіп, 20 қыркүйекте Ботаникалық бақта өтетін қайырымдылық жүгірісіне қатысуға шақырамыз.
Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктесі — Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры «Sport Qory».
