5-15 тамыз аралығында Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлау базасында дзюдодан халықаралық оқу-жаттығу жиыны өтеді. Қазақстан алғаш рет қабылдаушы ел атанатын жиынға әлемнің 30 елінен 700-ден астам спортшы қатысады.
Қатысушылар қатарында Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем чемпиондары, сондай-ақ халықаралық рейтинг көшбасшылары бар. Жиынға әлемдік дзюдоның жетекші өкілдерінің қатысуы спортшыларға тәжірибе алмасуға және алдағы халықаралық жарыстарға дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, жиынға Олимпиада чемпиондары Елдос Сметов (Қазақстан) пен Лаша Шавдатуашвили (Грузия), сондай-ақ Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев (Қазақстан) қатысады. Сонымен қатар татамиге әлем чемпиондары Рюдзю Нагаяма мен Санширо Мурао (Жапония), Инал Тасоев пен Тимур Арбузов (Ресей), Тато Григалашвили (Грузия), Мими Хух (Оңтүстік Корея) және әлемдік деңгейдегі өзге де дзюдошылар шығады.
Халықаралық оқу-жаттығу жиыны дзюдошылардың кәсіби шеберлігін шыңдауға, халықаралық тәжірибе алмасуға бағытталған.
Қазақстан дзюдо федерациясының бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктес – «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.
