Бакуде күрес түрлерінен 17 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем чемпионаты аяқталды, деп жазады Sportbugin.kz.
Қазақстандық балуандар әлем біріншілігінде екі алтын, екі күміс, төрт қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бесінші орынды иеленді.
Жалпы есепте Ресей 305 ұпаймен бірінші орын алса, АҚШ 294 ұпаймен екінші, Үндістан 250 ұпаймен үшінші, Иран 231 ұпаймен төртінші орынға тұрақтады. Қазақстан 225 ұпаймен бесінші сатыдан көрінді.
Еркін күрестен 48 келі салмақта Бақдәулет Ағабек әлем чемпионы атанды. Ал 60 келі салмақта Мардан Орынбасар мен 71 келідегі Әділет Рысбай қола жүлдеге ие болды.
Грек-рим күресінен 55 келі салмақта Дияр Аманәлі алтын медаль жеңіп алды. 48 келі салмақта Әли Алмас күміс жүлдегер атанса, 71 келі салмақта Әлинұр Төлеуғали қола медаль еншіледі.
Әйелдер күресінен 65 келіге дейінгі салмақта Айша Әбдімәлік күміс жүлдегер атанды. Ал 46 келіге дейінгі салмақта Інжу Баққожа қола медаль жеңіп алды.
