2-7 қараша аралығында Астанада AUYL SPORT–2026 республикалық турнирі өтеді, деп жазады Sportbugin.kz.
Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған жобаға еліміздің 17 өңіріндегі 350-ден астам ауылдан 12 мыңнан аса бала қатысты. Іріктеуден өткен үздік жас спортшылар елордада спорттың 8 түрінен бақ сынайды.
Биылғы турнирдің басты жаңалығы – үздік нәтиже көрсеткен өңірге 10 спорттық ашық алаң салу бастамасы.
Бұл туралы «AUYL SPORT» республикалық ауыл спорт жобасының авторы әрі Halyk қайырымдылық қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов мәлімдеді.
«Үздік нәтиже көрсеткен өңірге 10 спорттық ашық алаң салынады. Яғни, 10 спорт кешені бірден емес, әр жылғы нәтиже бойынша салынады. Ауылдық аймақтардағы спортшылардың кәсіби тұрғыда жаттығуына жағдай жасау, өңірлік жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыру мақсатында арнайы семинарлар мен курстар ұйымдастыруға да көңіл бөліп жатырмыз», – деді ол.
Жобаның негізгі мақсаты – ауыл балаларының спортқа қызығушылығын арттыру, дарынды жас спортшыларды анықтау және олардың үлкен спортқа қадам басуына мүмкіндік жасау. Сонымен қатар ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріліп келеді.
Жоба қатысушылары халықаралық жарыстарда да ел намысын қорғап жүр. 2025–2026 жылдары ауыл спортшылары Сербия, Түркия, Өзбекстан, Грекия, Қырғызстан және өзге де елдерде өткен 10 халықаралық жарысқа қатысып, алтын, күміс және қола медальдарға қол жеткізді.
Айта кетейік, AUYL SPORT жобасы 2024 жылдан бері Тимур Құлыбаевтың бастамасымен және Halyk қайырымдылық қорының қаржыландыруымен жүзеге асырылып келеді.
