Қазақстандық балуандар Нұрсұлтан Садық пен Сабина Төрей антидопинг ережелерін бұзғаны үшін екі жылға спорттан шеттетілді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Ұлттық антидопинг орталығының ресми мәліметіне сәйкес, Нұрсұлтан Садықтың допинг сынамасынан кломифен, ал Сабина Төрейдің сынамасынан сибутрамин анықталған.
Осыған байланысты еркін күрес шебері Нұрсұлтан Садық 2026 жылдың 22 қаңтарынан 2028 жылдың 21 қаңтарына дейін жарыстарға қатысу құқығынан айырылды.
Ал әйелдер күресінің өкілі Сабина Төрей 2026 жылдың 4 тамызынан 2028 жылдың 3 тамызына дейін спорттық жарыстардан шеттетілді.
Айта кетейік, Нұрсұлтан Садық 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен. Ол 2024 жылы Таразда өткен Қазақстан кубогының жеңімпазы атанып, республикалық чемпионаттардың бірнеше дүркін жүлдегері болған. Ал Сабина Төрей 2025 жылғы Қазақстан кубогында қола медаль иеленсе, 2026 жылы Таразда өткен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Қазақстан чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізген. Сондай-ақ Түркияда ұйымдастырылған CHAMPIONS жастар арасындағы халықаралық турнирдің жүлдегері атанған.
