Абзал Серік үлкен спорттан қол үзген кезеңі, отбасын құруы және такси жүргізушісі болып жұмыс істегені туралы айтты. Бұл туралы боксшы Қанат Байұзақовқа берген сұхбатында әңгімеледі, деп жазады Sportbugin.kz.
Абзал Серік Тараз қаласында өткен Қазақстан чемпионатында 65 келіге дейінгі салмақта топ жарды. Ол жартылай финалда әлем чемпионатының қола жүлдегері Ертуған Зейнуллиновтен басым түссе, финалда Париж Олимпиадасының қатысушысы Мұхаммедсабыр Базарбайұлын жеңді.
«Боксты қоямын деген ойлар, әрине, болды. Тіпті жеті-сегіз ай үзіліс жасадым. Өзімнің отбасымды құрдым. Түрлі жұмыстар істедім. Арасында такси жүргізушісі де болдым. 2025 жылы Ілияс Оралбеков ағайым өз қол астына алып, мені айлыққа қойды. “Тек жаттығу жаса, чемпион боласың” деп мотивация берді», — дейді боксшы.
Айта кетейік, Абзал Серік 2023 жылы допингке байланысты жарыстардан шеттетілген болатын. Спортшының сынамасынан метастерон атты тыйым салынған зат анықталған. Оның жарыстардан шеттетілу мерзімі 2026 жылдың 7 сәуірінде аяқталды. Қазір боксшы белгілі бапкер Ілияс Оралбековтің жетекшілігімен жаттығып жүр.
