Екі дүркін Олимпиада чемпионы, ресейлік балуан Абдулрашид Садулаев Астанада өткен күрестен әлем чемпионатына беліндегі жарақатына байланысты толық дайын болмағанын мойындады, деп хабарлайды MMA.Metaratings.ru-ға сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
Садулаевтың айтуынша, әлем чемпионатында үшінші орын алуы өзі үшін де тосын жағдай болған. Өйткені бұған дейін жұбаныш белдесулеріне қатысып көрмеген.
«Жүлдегерлер қатарына кірдім. Жанкүйерлерге менің тұғырдың үшінші сатысында тұрғаным үйреншікті жағдай емес шығар. Өзім үшін де бұл алғаш рет болды. Бұған дейін жұбаныш белдесуінде күресіп көрмеппін. Тіпті, жігіттерден жұбаныш белдесулері қашан өтетінін, келесі күні бола ма деп сұрадым. Оның форматын да білмеппін.
Бұған дейін Кайл Снайдермен көбіне финалда кездесетінбіз. Ал бұл жолы жартылай финалға шығу үшін белдестік. Онымен алтыншы рет кездескен сияқтымын. Қазір жеке кездесулердегі есеп — 3:3. Біздің текетіресіміз әлі жалғасады. Келер жылы әлем чемпионаты АҚШ-та, оның өз алаңында өтеді», — деді балуан.
Сондай-ақ ол тізесіндегі жарақатына тоқталып, жарысқа толық дайын болдым деп ойлағанын, алайда іс жүзінде жағдай басқаша болғанын жеткізді.
«Дайынмын деп ойладым. Бірақ, өкінішке қарай, 100 пайыз дайын болмаппын. Пайызбен есептесем, дайындығым шамамен 60 пайыз болды», — деді Абдулрашид Садулаев.
Айта кетейік, Астанада өткен 2026 жылғы әлем чемпионатында Абдулрашид Садулаев қола медаль иеленді. Ол ширек финалда америкалық Кайл Снайдерден 4:4 есебімен жеңіліп, жұбаныш белдесулері арқылы үшінші орын үшін күресуге мүмкіндік алды.
