Синхронды жүзуден екі дүркін Олимпиада чемпионы Мария Шурочкина пәтерінде болған өрттен кейін жансақтау бөліміне түсті, деп жазады Sportbugin.kz.
Қазіргі уақытта Шурочкина Склифосовский атындағы ғылыми-зерттеу институтының жансақтау бөлімінде жатыр. Оның денесінің 2 және 3-дәрежелі күйік алғаны белгілі. Дәрігерлер спортшының жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.
Алғашында өрт салдарынан спортшының өкпесіне зақым келуі мүмкін деген қауіп болған. Алайда медициналық тексеріс нәтижесінде тыныс алу жүйесінде ешқандай ақау анықталмаған. Мария дер кезінде пәтерден шығып үлгергендіктен, иіс газына уланбаған. Сондай-ақ өмірлік маңызды ағзалары зақымданбағаны және өзге де патологиялық өзгерістер байқалмағаны айтылды.
Айта кетейік, спортшы Мәскеудегі өз пәтерінде шыққан өрттен зардап шеккен еді. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға биокаминді пайдалану ережелерін бұзу салдарынан болған. Шурочкина пәтердегі каминге жанармай құймақ болған кезде құрылғылардың бірін сөндірмей қойған. Соның салдарынан жалын әп-сәтте тұтанған.
