Жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атанған Әнел Тәшбай дайындық кезіндегі қызықты оқиғасы туралы Қанат Байұзақовқа берген сұхбатында әңгімеледі, деп жазады Sportbugin.kz.
«Сенегалға келмес бұрын Кипрде болдық. Ол жақта ауа температурасы шамамен +25 градус болды. Біз ыстық климатқа арнайы дайындалдық. Жаттығулар өткізіп, жоғары температураға бейімделу үшін моншада велотренажермен үш рет жаттықтық. Алайда осындай дайындықтан өтсек те, Африкадағы аптап ыстық пен жоғары ылғалдылық біз күткеннен әлдеқайда қиын болып шықты.
Барлық спортшы Олимпиада ауылында тұрады. Бірақ келгеніміздің екінші күнінен бастап, ол жерде қалудың өте қиын екенін түсіндік. Бөлмелерде кондиционер жоқ, күн өте ыстық. Соның салдарынан түнде дұрыс ұйықтай алмадық, күшімізді толық қалпына келтіруге мүмкіндік болмады.
Сондықтан бапкеріміз жарыс өтетін орынға жақын орналасқан қаладағы қонақүйге орналастыру туралы шешім қабылдады. Ол жерде кондиционерлер бар, демалуға қолайлы жағдай жасалған. Жарыс басталғанға дейін бес күн бойы Олимпиада ауылынан қонақүйге түнеуге барып, кейін қайта оралып жүрдік.
Осының арқасында жақсы ұйықтап, толыққанды демалып, күшімізді қалпына келтірдік. Нәтижесінде жарысқа жақсы дайындықпен келдік», – деді Әнел Тәшбай.
Айта кетейік, Әнел Тәшбай жасөспірімдер Олимпиадасында шосседегі велоспорт жарысында топ жарып, алтын медаль иеленген болатын.
