Бокстан әлем чемпионы Сәкен Бибосынов ұлды болды. Боксшы қуанышты жаңалығымен инстаграм парақшасында бөлісті, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Боксшы бұл қуанышқа жету жолында отбасының талай ауыр сынақтан өткенін айтып, жүрек тебірентер жазба жариялады.
«Біз ұлды болдық!
Кейбір қуаныштың артында ешкім білмейтін қаншама көз жасы, үнсіз өткен түндер мен дұғалар жатады екен…
Бұл қуанышқа жеткенше тағдырдың талай сынынан өттік. Үш перзентімізден айырылдық… Үшеуінің де орны жүрегімізде мәңгі сақталады. Ата-ана үшін баласынан айырылудан ауыр қайғы жоқ шығар…
Біз де үнсіз жыладық, іштей күйзелдік. Бірақ Алладан үмітімізді үзбедік. Дұға еттік, күттік, сендік. Сабыр сақтап, Жаратқаннан медет сұрадық. Бүгін сол дұғаларымыздың біріне жауап келгендей…
Алланың қалауымен ұлды болдық!
Бүгін құшағымыздағы кішкентай сәби – талай көз жасынан кейінгі қуанышымыз, талай сынақтан кейінгі үмітіміз. Оның әрбір тынысы біз үшін баға жетпес бақыт», — деп жазды боксшы.
Сәкен Бибосынов пен жұбайын өмірлеріндегі ерекше қуанышымен құттықтаймыз! Сәбидің бауы берік, ғұмыры ұзақ болсын!
