Асу Алмабаев Қатарда өткен UFC Fight Night 294 турнирінде жапониялық Кёдзи Хоригучиге есе жібергеннен кейін мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Алмабаев бұл жеңілістің өзі үшін ауыр болғанын жасырмады. Оның айтуынша, бапкерімен бірге бірнеше ай бойы дайындалып, чемпиондық белбеуге таласуға бір қадам жақындаған сәтте жеңіліс табу оңай болмаған.
«Қазақ елі, кеше жанкүйер болып, мені қолдаған барша бауырларыма көп-көп рақмет! Мен үшін де бұл оңай болған жоқ. Қаншама жекпе-жек, қаншама ай бойы жаттықтырушым екеуміз еңбек етіп, тер төгіп келдік. Титулға бір қадам қалған кезде кері шегіну — кез келген спортшы үшін моральдық тұрғыдан өте қиын», — деді Асу Алмабаев.
Қазақстандық спортшы төрешілер шешіміне қатысты да пікір білдірді. Ол жекпе-жек барысында жеңіске жеткеніне сенімді болғанын және бапкерлері әр раундтан кейін басым түсіп жатқанын айтқанын жеткізді.
Еске салайық, Асу Алмабаев Кёдзи Хоригучиге төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жол берді. Осылайша қазақстандық жауынгердің UFC-дегі қатарынан үш жеңіс сериясы үзілді. Бұл — оның ұйымдағы екінші жеңілісі.
