Ресейдің бокс федерациясы халықаралық World Boxing ұйымының толыққанды мүшесі болды. Бұл шешім Панамада өткен ұйымның IV жыл сайынғы конгресінде қабылданды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
20 қарашада өткен конгресс барысында Ресейдің ұйымға толыққанды мүше болуы дауысқа салынған. Нәтижесінде қатысушы мемлекеттердің басым бөлігі бұл шешімді қолдаған.
World Boxing президенті Геннадий Головкин де конгресс қорытындысы бойынша Ресей федерациясының толыққанды мүшелікке қабылдануына оң бағасын берді.
Жиын барысында ұйымға толыққанды мүше болуға өтініш білдірген 47 ұлттық федерацияның барлығы қабылданды. Осылайша, World Boxing құрамындағы елдер саны 170-ке жетті.
Айта кетейік, Ресейдің бокс федерациясы биыл наурыз айында World Boxing қатарына қосылған еді. Алайда сол кезде ұйымның толыққанды мүшесі саналмағандықтан, дауыс беру құқығына ие болмады.
Еске салайық, 2022 жылдан бері Украинаға қарсы соғыс жүргізіп жатқан Ресейдің спортшылары бірқатар халықаралық жарыстардан шеттетілген болатын. Дегенмен 2026 жылы кейбір халықаралық спорт федерациялары ресейлік атлеттердің жарыстарға қатысуына қайта рұқсат бере бастады.
