Ересектер арасында үш әлем чемпионатына қатысып, Азия чемпионатында топ жарған боксшы Олжас Сәттібаев келіншегі, Азия Чемпионатының қола жүлдегері Әйгерім Сәттібаеваның алаңға шыққанда уайымдап отыратынын спорт журналисті Ақырыс Сейітқазының YouTube арнасында берген сұхбатында айтты.
Айтуынша, бұрын өзі спортсмен ретінде алаңға шыққанда бапкерлердің жан-айқайы қатты білінбейтін. Спортшыларға әке-шешеңнің жанын шүберекке түю отырғаны біліне бермейді.
– Алаңға өзің шықпай, келіншегіңді шығару – бөлек сезім. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бес баланың анасы, үйдің келін баласы рингте бокстасып жатады. Шаршы алаңға шығарып жүргенде басында шлем бар. Қазір басында шілем жоқ, қасында мен де жоқпын. Әйгеріммен бапкеріміз Ермек Ертаев жұмыс істеп жатыр. «Сәттілік тілеймін! Аға, өзіңізге сендік» деп тапсырдым. Десе де, экраннан тыс оның соқыларына қарап, уайымдайсың. Оңай емес, қобалжу бар. Құдайдан жеңілдігін берсін деп сұрайсың. Ең бастысы дайындығы дұрыс болса, спортшы сенімді шығады. Дайындығын дұрыс болмаса, өзіне-өзі сенімсіз болады. Аллаға шүкір дайындығымыз дұрыс, бірақ бәрібір қобалжисың. Оны жеңу керек, онысыз болмайды, – дейді Олжас Сәттібаев.