Еркін күрестен әлем чемпионы Нұрқожа Қайпанов келіншегі Марина Седневаның есімін қазақшаға ауыстырып, ислам дінін қабылдағанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Aqyrys Seitqazy YouTube арнасында айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
2020 жылы Нұрқожа Қайпанов пен Марина Седнева отау құрған болатын. Олардың айтуынша, екеуі әлеуметтік желіде танысқан.
– Бір жыл бойы бірге жаттығу жасап жүрдік. Мен үйдің үлкені болған соң, әке-шешем келін керек деп жиі айтатын. Бір күні жаттығуға кетіп бара жатып «кешке келін әкелемін» дедім. Сөйтіп, алып келдім, – дейді Нұрқожа Қайпанов.
Айтуынша, келіншегі Қостанайдың қызы, ұлты – орыс. Оның әке-шешесі де орыс.
– Басында бәрі қарсы болғаны рас. Анам орысша түсінгенімен, еркін сөйлесе алмайды. Ол кісі «балам қалай болады деп» ойлады. Кез келген ата-ана баласы бақытты болса екен деген оймен айтады. Ол дұрыс нәрсе, ренжитін еш нәрсе жоқ. Әке-шешеме еш ренжімеймін. Содан Мәриямды үйге әкелген күні төртеуміз отырып сөйлестік. Әкем Мәриямнан «Дін қабылдаймыз ба, өзің қалай ойлайсың?» деді. Мәриям бірден «иә қабылдаймын, бәріне дайынмын» деп жауап берді. Аң-таң болған әкем маған қарап қояды. Бір-екі күннен кейін әкем «Мәриямды ренжітпе» деп хабарласып тұр. Кейін Марина ислам дінін қабылдап, атын Мәриям деп өзгертті. Бірақ ресми есімі әлі де Марина, – дейді еркін күрестен әлем чемпионы.