
Бокстан Бейжің Олимпидасының чемпионы Бахыт Сәрсекбаев елге оралып, жас боксшыларды жаттықтырады. Бұл туралы спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады, деп жазады Sportbugin.kz.
«Менің шетелден елге қайтқанымды естіп жатырсыздар ғой, сірә. Президентіміздің тапсырмасымен, Спорт және Туризм министрінің шақыруымен елге қайттым. Маған министрдің берген тапсырмасы — Ұлттық құрама жанынан Резервтік құрама құру.
Бұйырса 12-19 ақпан аралығында 18-22 жас аралығындағы боксшылар арасынан резервті құрамаға іріктеу чемпионаты өтеді. Сол құрамада жүлделі орынды меншілеген жас боксшылар менің қол астымда жаттығуды бастайды.
Жалпы, бұл құраманы құру мақсатымызды түсіндіре кетсем. Мақсат — бірінің жалынан бірі тістеп тұрған, Ұлттық құрамдағы барлық салмаққа бәсекелес/резерв дайындау. Қазіргі Ұлттық құрама өзінің жағдайын Олимпиадада, Азия Чемпионатында көрсетті. Спортшылардың бұлай әлсіреуі бәсекелестіктің жоқтығы. Өз салмағында теке тіресіп тұрған мықты бәсекелесі болмаса, спортшы өспейді, босаңсып кетеді.
Мен ең мықты Ұлттық құрамада болдым, ол кезде Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Гена Головкин, Серік Елеуов, Қанат Әбуталіпов, Мейіржан Рахымжанов, Галиб Жафаров сияқты кіл мықтылар болды. Бір салмақта 5-6 мықтыдан болдық. Ұлттық Құрама әкеңнің төрі емес екенін білеміз, еркелігің ешкімге керек емес, қалт етсең сенің орныңды басатын резерв толып жүр, тек жаныңды салып, тер төксең ғана дегеніңе жете аласың. Жыртылған аяқ киімді өзіміз тігіп алып, кірімізді өзіміз жудық.
Жыртық матраста, бір бөлмеде 3-4 баладан жатып, Бүргөліктің тау мен тасын кезіп жаттыққан сол құрама елімізге бірнеше Олимпиада/Әлем жеңімпаздарын берді.
Қазір мен бірнеше спорт базаларын аралап көрдім, керемет жағдайлар жасалған. Тіпті, біз армандамаған нәрселер бар. Тек дайындал да, нәтиже көрсет.
Қуантарлығы — талантты жастар баршылық, қынжылтарлығы — бүгінгі бокстың стилі түбегейлі өзгеріп кеткен. Осы соңғы 10-15 жылда баяғы қазақ стилі 100% өзгеріске ұшыраған.Менің жаттығуларым жеңіл болмайтынын боксшылар біледі, сол үшін де маған жүрегінде түгі бар, көзінде оты бар, амбициясы биік, жаттығудан шаршамайтын балалар ғана келеді. Олимпиада чемпионы болам дегендер келеді.
Ал мен болсам оларға баяғы қазақ стилімен, өз техникаммен бөлісіп, Олимп шыңына жеткізуге барымды саламын», — деп жазды Сәрсекбаев әлеуметтік желідегі парақшасында.