
Танымал спорт менеджері Жанпейіс Назарғали Sportbugin.kz сайтына берген шағын сұхбатында Бекзад Нұрдәулетовке тоқталды. Маманның айтуынша, Бекзадтың мінезі тұйық әрі ол жақындарының арасында кітапқұмарлығымен танымал.
«Токио Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін Бекзад кәсіби бокста бақ сынады. Әуесқой боксқа қайта оралуына ұлттық құраманың шақыртуы себеп болды. Өйткені, 80 келі салмақта Нұрбекке жақсы бәсекелес жоқ еді елде.
Екеуі Қазақстан Спартакиадасының финалында кездесті. 3:2 есебімен Нұрбек жеңді. Бұл жерде есеп негізінен тең еді, жеңісті кез келгеніне беруге болатын.
Көпшілік жанкүйер Бекзад құрамаға қайта келгенде, оның уақыты өтті дегендей пікірде болды. Бекзад бар болғаны 26 жаста. Ол әлем чемпионатын 19 жасында ұтқан еді.
Қазір Нұрдәулетов 86 келіде бақ сынап, Азия чемпионы атанды. Жақында үйленді. Көпшілік алдында шыға бермейді, мінезі тұйық. Есесіне, кітапты жақсы оқиды. Жылына 20 кітапқа дейін оқиды», — деді Жанпейіс Назарғали.
Айта кетелік, 2019 жылғы әлем чемпионатының финалында Бекзад Нұрдәулетов кубалық Хулио Сезар Ла Крузды жеңген болатын.